Білім • 10 Шілде, 2017

Университеттің 50 мыңыншы түлегі

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен биыл 5 мың түлек қанат қақты. Түлектерге диплом тапсыру салтанатында үздік бітірушілер мен жас ғалымдар, Президент шәкірт­ақысының иегерлері, респуб­ликалық, халықаралық олимпиада мен спорт жарыс­тары­ның жеңімпаздары марапатталды.

Университеттің 50 мыңыншы түлегі

– Төрт жылдың ішінде сіздерге 3 мың адам, оның ішінде 1800 оқытушы, 12 Ұлттық ғылым академиясының академигі, 10 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 9 бұрынғы министр, 7 бұрынғы Сенат депутаты, әлемдегі ең үздік университеттерден келген 400-ден астам белгілі профессорлар дәріс берді. Сіздер – бақытты жастарсыздар. Университет дипломымен қоса, «Астана» атты өмірлік университеттің тәлімін де алдыңыздар. Сіздер оқыған тұста елордамызда тарихи сәттер көп болды. Соның бірі – ЭКСПО халықаралық көрмесі. Сіздерді диплом алу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! – деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.

Ректордың айтуынша, университет өзінің 21 жылдық тарихында 50 мың түлек әзірледі. Салтанатты жиында рек­тор 50 мыңыншы дипломның иесін ата­­ды. 50 мыңыншы түлек – Еуразия ұлт­тық университетінің журналистика фа­культетін тәмамдаған Бекарыстан Аман­жолов есімді түлек болып шықты. Ол − былтырғы «Үздік спикер» респуб­ли­калық байқауының жеңімпазы және халықаралық пікірталас турнирінде топ жар­ған талантты студенттердің бірі. Б.Аман­жолов университет ұстаздарының үдесінен шығуға, ел дамуына үлес қосуға уәде берді.  

Аталған шараға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Халық қаһар­маны Талғат Мұсабаев, академиктер Болат Көмеков, Рахметқажы Берсімбай, Ғари­фолла Есім, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков және басқа да белгілі тұлғалар қатысып, түлектерге ақ жол тіледі.

Думан Анаш,

"Егемен Қазақстан"